Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Данияр Қайсанов 61 келідегі балуандар арасындағы белдесу жайлы пікірін білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
“Біріншіден, Аллан Оралбек — Қазақстанның қазіргі чемпионы. Екіншіден, оның жарақаты болды, оған қатысты ресми анықтамасы бар. Біз енді ұтып тұрған баланың бағын байламаймыз ғой.
Асыл Айтақын — Қазақстан кубогында күміс жүлде иеленді. Азия чемпионатында жеңілді, ал рейтингілік турнирлерде күміс және алтын медаль алды. Венгриядағы рейтингілік жарыс алдында келісім болған. Сол жарысқа Асыл Айтақын, Асылжан Есенгелді және Әділет Айтмұханбетов қатысты. Кім жеңіске жетсе, сол Алланмен белдеседі деп алдын ала айттық.
Алланға да Түркияда жеңіске жетсең, прикидка болады деп айттық. Ол түріктердің бірінші нөмірлі балуанын ұтты. Ал финалда Өзбекстанның Олимпиада қола жүлдегерінен жеңілді. Бәрі келісіммен әрі әділ өтеді», — деді бас бапкер.
Айта кетейік, Аллан Оралбек пен Асыл Айтақын арасындағы белдесу 2 қыркүйек күні өтеді.
