Еркін күрестен белгілі жаттықтырушы Асқар Бақбергенов Азия ойындары қарсаңында өз болжамын бөлісті, деп жазады Sportbugin.kz.
Тәжірибелі маманның айтуынша, Данияр Қайсановтың шәкірттері үш салмақ бойынша жүлде алуы мүмкін.
«Еркін күрес шеберлері үш ауыр салмақта медаль алады деп ойлаймын. Атап айтар болсам, 86, 97 және 125 келідегі балуандарымыз жүлдеге таласуы мүмкін. 86 келідегі Азамат Дәулетбеков өте тәжірибелі әрі Азияда айтарлықтай қарсылас жоқ.
97 келідегі Ризабек Айтмұхан бабына еніп жатыр. Ахмед Тажудиновті жеңуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл салмақта ирандық Хасан Яздани бақ сынайды деген сыбыс бар. Егер бұл рас болса, Ризабек Хасанды да жеңеді деп ойлаймын. Ең бастысы, бапкерлер Айтмұханды Азия ойындарын нағыз бабында апарса болғаны. Қазіргі бапкерлер құрамына қарасам, осы жағы күмән туғызады.
Аса ауыр салмақтағы Едіге Қасымбек те Азия ойындарында жүлде алуға қауқарлы. Жас болса да, болашағы зор балуан. Әзірге, осы балуандарға сенім артам. Қалған салмақтарда медаль алу қиындау», — деді Асқар Бақбергенов.
