Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2027 жылғы төрт құрлық чемпионатын өткізу орнына өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бастапқыда мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионаты 2027 жылдың 9-14 ақпан аралығында Астанада өтуі тиіс еді. Швейцарияда өткен ISU отырысында жарысты Алматы қаласына көшіру туралы шешім қабылданды.
Бұл шешім Қазақстанның Конькимен жүгіру одағымен келісім бойынша қабылданған. Бұған Астананың сол жағалауындағы нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ететін станцияда болған өрт себеп болған. Аталған оқиға бастапқыда таңдалған жарыс өтетін орынның жұмысына және қауіпсіздігіне әсер еткен.
Осылайша, жарыс белгіленген мерзімде, яғни 9-14 ақпан күндері Алматыдағы «Алматы Арена» мұз сарайында өтеді.
Төрт құрлық чемпионаты — ISU аясында ұйымдастырылатын жоғары деңгейдегі халықаралық турнир. Оған Америка, Азия, Мұхит аралдары және Африка құрлықтарының спортшылары қатысады.
Айта кетейік, 2025 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров болған еді.
