Бокстан үш дүркін Олимпиада чемпионы Феликс Савон Куба көшелерінің бірінде тамақ іздеп жүрген жерінен байқалды. Спортшының видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады, деп жазады Sportbugin.kz.
BoxeoCubano парақшасында жарияланған видеода белгісіз біреу Савоннан: «Чемпион, не істеп жүрсің?» деп сұрайды. Бұған атақты боксшы: «Ештеңе емес, жейтін тамақ іздеп жүрмін», — деп жауап берген.
Айта кетейік, кубалық боксшы Майк Тайсонмен жекпе-жек өткізу үшін ұсынылған 10 миллион доллардан, Эвандер Холифилдпен айқасқа берілетін 12 миллион доллардан және Майкл Беннеттпен кездесуге ұсынылған 15 миллион доллардан бас тартқанын айтқан. Савон бұл шешімін халқына және еліне деген адалдығымен түсіндірген. Сондай-ақ ол кәсіпқой боксшы болып, ақша табуды қаламағанын мәлімдеген.
Феликс Савон 59 жаста. Ол 1992, 1996 және 2000 жылдары Олимпиада ойындарында топ жарып, үш мәрте чемпион атанды. Сонымен қатар әлем чемпионатында алты рет алтын медаль жеңіп алған. Оның еншісінде 1986, 1989, 1991, 1993, 1995 және 1997 жылдардағы әлем чемпионатының алтыны бар.
