Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы Нұрасыл Медеу оқу орнын мемлекетке беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы университетте өткен салтанатты жиында ресми түрде жарияланды, деп жазады Sportbugin.kz.
2021 жылы 150 студентпен жұмысын бастаған білім ордасында бүгінде бес мыңға жуық студент білім алады. Бес жыл ішінде университет спорт пен ғылымды ұштастыратын оқу орнына айналып, бірқатар халықаралық жобаны жүзеге асырды.
Атап айтқанда, университетте Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлескен Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылды. Сонымен қатар киберспорт зертханасы, Sport Media Lab зертханасы және Құтқару спорты орталығы жұмыс істейді. Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастық аясында Орталық Азияның білім беру хабы да құрылды.
Университет студенттерінің спорттағы жетістіктері де атап өтілді. Нұрасыл Медеудің айтуынша, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғаған KNUS-тің
17 студентінің 14-і жүлдегер атанған.
Оқу орнының негізін қалаушы университетті мемлекетке беру туралы шешімінің мәжбүрлі қадам емес екенін атап өтті.
«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл — сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл — туған еліме жасалған өтеусіз сый.
Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», — деді университет негізін қалаушы.
Салтанатты жиын барысында оқу орнының дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлер марапатталып, құрылтайшы гранттарының иегерлеріне сертификаттар табысталды.
