Бокстан Қазақстан жасөспірімдер командасының бұрынғы бапкері, танымал боксшы Аркадий Топаев бүгін басталатын спаррингтік турнирге қатысты өз пікірін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Бапкердің айтуынша, бұл сында Серік Теміржанов жеңіске жетуі мүмкін.
«Қатысушылар арасындағы ең тәжірибелі боксшы — Серік Теміржанов. Әлем чемпионатын да, Олимпиада ойындарын да көрді. Оған лайықты қарсылас ретінде Ертуған Зейнуллиновті айта аламын. Екеуі финалда кездесіп, Теміржанов жеңуі мүмкін», — деді Топаев.
Сондай-ақ, даңқты боксшы Дулат Бекбауовтың салмақ ауыстыруына қатысты ойын бөлісті.
«Дулат та жақсы боксшы. Әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Бапкері де мықты. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты тәрбиелеген. Бапкері Олимпиадаға баратын жолды тегіс өткен адам. Сондықтан, мен олардың Парижге аз уақыт қалғанда ғана салмақ ауыстыру себебін білмеймін. Негізі, Олимпиадаға ертерек қамданған дұрыс. Өздерінің жоспарлары бар шығар, алып қосарым жоқ», — деді Аркадий Топаев.