Бокстан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бұрынғы бапкері, бокстан әлем кубогінің иегері Аркадий Топаев спаррингтік турнирге қатысты ойын айтты. Sportbugin.kz тілшісіне сұхбат берген бапкер Төрехан Сабырханның бұл бәсекеге қатыспағанын дұрыс деп санайды.
«Төреханның спаррингтік турнирге қатыспағаны дұрыс болды. Ол менің қоластымда жаттықты. Өте жақсы боксшы. Болашағы зор! Алдағы уақытта қазақ боксының атағын әлемдік деңгейде көтеретін жігіт. Бірақ… Бірақ ол әлі жас. Жілік майы толған жоқ әлі. Ересектер арасындағы ел чемпионатына да қатысып көрмеген.
Ал ересектер мен жастар арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Әлі жас бала болғандықтан, жарты көңілі залда, жарты көңілі далада екенін де ұмытпау керек. Егер бұл турнирге қатысқанда, Төреханды «сындырып» алар ма едік?!
Қанша дегенмен, ересектер арасындағы тәжірибе мен халықаралық жарыстар үлкен роль ойнайды. Төрехан 2028 жылғы Олимпиадада атой салатын жігіт. Сондықтан, оны бабымен тәрбиелеп, уақыттан алға озбайық», — деді Топаев.