Бокстан Астана қаласында дәстүрге айналған Elorda Cup халықаралық турнирінің алғашқы күні Париж Олимпиадасының 7 лицензия иегері жеңіске жетті, деп жазады Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
57 келіде Париж Олимпиадасының лицензия иегері, Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан соқыр жеребенің арқасында 1/8 финалда Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021) Даниал Шахбахшпен (Иран) жұдырық түйістірді. Нәтижесінде жерлесіміз өзінің жылдамдығының арқасында 5:0 есебімен жеңіске жетті.
60 келіде Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов 19 жастағы Шыңғыс Мусиновтан алғашқы раундта 2:3 есебімен жеңілгенімен, қалған уақытта тараз басын бұрып, жеңіске жетті.
67 келіде Жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2022) Нұрбек Мурсал Тәжікстан өкілі Чонмухаммада Шеровқа еш мүмкіндік бермей, техникалық нокаутпен басым түсті.
71 келіде ұлттық құраманың капитаны, Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов Қырғызстан боксшысы Жарқынбек Жақыпбек уулумен кездесіп, еш қиындықсыз 5:0 есебімен жеңді.
Осы салмақта ақпан айында Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған Аман Қонысбеков ресми түрде бірінші рет рингке шығып, Азат Иманберлинді 2 мәрте нокдаунға түсірді. Естеріңізде болса, Аман 2023 жылы Өзбекстан чемпионатының жартылай финалында Әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевты нокдаунға жіберіп еді.
75 келіде ұлттық құраманың көшбасшысы Нұрқанат Райыс та Қырғызстан спортшысы Сырғақ Әбдіжапар уулуынан 5:0 есебімен басым түсті.
Ерлер бәсекесінде соңғы болып, Париж Олимпиадасының лицензия иегері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Қырғызстан боксшысы Бектұр Әлімбек уулуын 2-ші раундта мерзімінен бұрын тоқтатты.