Каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай жекпе-жек алдында қалай дайындалатынын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшы әлеуметтік желіде жанкүйер сұрақтарына жауап беріп, маңызды кездесу алдында өзіне қалай күш жинайтынын жеткізген.
«Жекпе-жек алдында «Адай» күйін, патриоттық әндер тыңдаған маған жақсы көмектеседі. Әркімде әрқалай. Кездесу басталғанша ішімнен «Аятул Курси» сүресін қайталаймын.
Мен үшін ең маңыздысы — жекпе-жек алдында миды оятып, денені қыздыру. Қалғанын олар өздері жасайды. Шынымен де, ешқандай тактика құрмаймын. Өйткені, кездесуде бәрі сол сәтке байланысты шешіледі», — дейді Мөлдір.
Мөлдір Жаңбырбай каратэден 2023 жылғы әлем чемпионы. Бұған дейін ерлер мен әйелдер арасынан ешбір спортшы чемпион атанбаған.
Одан бөлек, Мөлдір Ханчжоудағы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының қатысушысы.