Париждегі Олимпиада ойындарына ең соңғы болып жолдама алған балуан Мейрамбек Қартбайға жерлестері жаңа көлік сыйға тартты. Ақтөбе өңірінен шыққан олимпиадашы жақында ғана Дағыстандағы оқу-жаттығу жиынынан оралған, деп жазады Sportbugin.kz.
Мейрамбек Қартбайға жаңа көлік мінгізген – Ақтөбе облыстың грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті әрі меценат Данияр Ғалиханов.
Ғалиханов бастаған бір топ азамат Париж ойындарында аса ауыр салмақта сынға түсетін Юсуп Батырмұрзаевқа жаңа көлік пен пәтер сыйлаған болатын.
Ал Мейрамбектің Олимпиадаға бару-бармау мәселесі ең соңғы сәтте шешілді. Десе де, жерлестері білікті балуанды назардан тыс қалдырған жоқ.
«Мейрамбектің Олимпиадаға бару тарихын білесіздер. Әлем чемпионатында жолдама үшін күресіп, Заур Угуевтан жеңілді. Қазіргі геосаяси жағдайға қарап, Ресей құрамасының жазғы ойындардан сырт қалатынын сездік бәріміз. Бірақ әліптің артын бағып, ресми шешім шыққанша күттік. Міне, бәріміз күткен ақжолтай жаңалық та жетіп, Мейрамбек бауырымыздың Олимпиадаға баратыны белгілі болды. Осы жағдайдың шеті шыға бастағанда, Мейрамбекке де көлік мінгіземін деп уәде берген едім. Уәде – құдай сөзі. Бүгін сол сөзімде тұрып, балуанымызға тұлпар сыйладық», — дейді Данияр Ғалиханов.
Одан бөлек, балуанды баптаған жаттықтырушылар да сый-құрметке бөленді. Атап айтар болсақ, өңірдегі атымтай жомарт азаматтар Мейрамбек Қартбайдың алғашқы бапкері Ғизат Түсіпбаев мен спорт интернатындағы жаттықтырушысы Медет Атабаевқа жылқы мінгізіп, шапан жапты.
Спортшының қазіргі бапкерлері Шоқан мен Дархан Ділмағамбетовтерге бір миллион теңге сыйақы табысталды. Спорт саласының мамандарын марапаттауға Ақтөбе облыстық фермерлер орталығы да атсалысқан.
Айта кетелік, Олимпиадаға жолдама алған спортшылар бүкіл Қазақстан бойынша ұлықталып жатыр. Бұған дейін грек-рим күресі шебері Айдос Сұлтанғалиға жерлестері көлік мінгізсе, боксшы Қамшыбек Қоңқабаевқа пәтер кілті сыйға тартылды.
Ал Қазақстан бокс федерациясы Парижге аттанатын қыз-жігіттерге қомақты қаржылай сыйақы табыс етті.