Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайтын егіз боксшылар — Айбек пен Нұрбек Оралбайдың әкесі Рахат Оралбай екі ұлынан да үлкен үміт күтетінін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Ең алдымен екі ұлым – Айбек пен Нұрбектің бала кездерінен спортқа жақындығы, бейімі бойларында болғанын айта кеткенім жөн. Өзім — еркін күрестен спорт шеберімін. Негізі туған жеріміз Жамбыл облысындағы Айша бибі ауылы. Қос ұлымды кішкентай кездерінен өзіммен бірге ертіп, күніне 2 мезгіл жаттығуға алып барып жүретінмін. Жасырары жоқ, менің жолымды қуса деген арманым болды.
2008 жылы отбасымды алып Астана қаласына жұмыс бабымен қоныс аударып келдім. Екі ұлымды еркін күреске қатыстырғым келген, алайда ол кездерде уақытша жаттығу залы болмады. Содан «Алатау» спорт кешеніне алып барып, жаттықтырушы Асқар Еркебаевтың қолына тапсырып, бокс үйірмесіне қатыстырдым.
Шынымды айтсам, екі ұлымды сол кезде боксқа уақытша ғана қатыстыра тұрамын деп ойлағанмын. Дегенмен кейінірек бокс ұлдарымның жан қалауына айналып шыға келгенін түсіндім. Бұған жаттықтырушы Асқар Еркебаевтың еңбегі сіңгені анық. Екеуі де кішкентайынан жанымнан қалмай, еріп жүрді. Кез келген ата-ана баласы ұл не қыз ба бәрібір, жақсы болсын деген ниетпен тәрбиелейді. Қос ұлымның спортқа құлшынысының арқасында осы күнге жетіп отырмыз.
Олимпиада жақындаған сайын әрнәрсені ойлаймыз. Осы бастан Қазақстан атынан қатысатын барлық спортшы ұл-қыздарымызға жеңіс тілеп отырмыз. Алдағы арманның бірі – солар осы жолы туымызды биіктетіп, Париж төрінде әнұранымызды шырқатса екен! Бәріміз де бұған тілекшіміз!
Қазір ұлдарымды күнделікті қадағалап отырмын. Телефон арқылы байланысып, дайындықтарын бақылап, салмақтарын қалай реттеп жатқанын сұраймын. Реті келсе, ақылымызды да айтамыз. Көпшілікпен кеңесіп, уақыт режимін тексеріп тұрамыз.
Ең бастысы, екі ұлымның жүрегіндегі сенім. Құдай қаласа, екі ұлым да еліме екі алтынды алып келеді деп үміт артамын. Сол қуанышты күннің нәсіп болғанын қалап жүрміз», — дейді егіз боксшылардың әкесі Рахат Оралбай.
Дереккөз: kazinform.kz.