The Scottish Sun басылымның журналисі Роберт Мартин ASnews.kz сайтына берген сұхбатында қазақстандық вингер Ислам Чесноковтың «Хартс» сапындағы дебютін бағалады.
«Оның пенальти алып бергені – үлкен еңбек. Бұл матч Ислам үшін оңай болған жоқ, себебі «Хартс» ұтылып жатқан еді. Соған қарамастан, алаңға қосалқы құрамнан шығып, өте ширақ қимылдады. Дегенмен, бір сәтте ауыр подкат жасап, сары қағаз алып қана қоймай, өз командасындағы ойыншыны жарақаттап алды», — деді Мартин.
Сондай-ақ журналист келесі аптада өтетін Шотландия футболының гранды — «Селтикке» қарсы матчта Чесноковтың ойнау мүмкіндігіне қатысты болжамын айтты.
«Менің ойымша, ол бұл жолы да қосалқы құрамда қалады. Оған әлі де физикалық дайындығын жақсарту қажет сияқты», — деп түйіндеді сарапшы.
Ислам Чесноков «Хартс» сапындағы алғашқы ойынын Шотландия кубогының 1/16 финалында «Фалкиркке» қарсы матчта өткізді.
Қазақстандық ойыншы 77-минутта алаңға шықты. Ал 85-минутта пенальти алып беріп, оны Лоуренс Шенкленд сәтті орындап, есепті теңестірді (1:1). Алайда пенальти сериясында «Хартс» 4:5 есебімен жеңіліп, турнирден ұшып кетті.
26 жастағы вингер шотландиялық клубқа 6 қаңтар күні «Тобылдан» еркін агент ретінде ауысты. Футболшы «Хартспен» 2028 жылдың жазына дейін жарамды келісімшартқа отырды.
Бұған дейін қазақстандық маман Ринат Алюетов Ислам Чесноковтың «Хартсқа» ауысқаннан кейінгі Еуропадағы болашағына қатысты пікір білдірген болатын.
