Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоровтың жеке массажшысы Жанарай Таужанова Sportbugin.kz тілшісіне арнайы сұхбат берді. Маманның айтуынша, қазір Миша мен оның командасы әлі де құттықтаулар қабылдап жатыр.
«Қазір өң мен түсімізді ажырата алмай жатырмыз. Толассыз құттықтаулар кеп жатыр. Осындағы барлық шетелдік бапкерлер мен спортшылар құшақтарына қысып, ақжарма тілегін айтуда. Атақты Илья Малининнің бапкерлері де қолымыздан алып, құттықтап кетті. Біздің спорт саласындағы басшылар түгел осында. Бәріміз 32 жыл күткен алтын жүлденің буымен жүрміз. Ал президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтап, «Барыс» орденіне лайық деп тапқанда, Мишадан бастап, бәріміздің көзімізге жас келді. Кіп-кішкентай Мишамызды елеп-ескеріп жатқан мемлекет басшысына рахмет. Мұндай тарихи сәттің куәсі болу – үлкен бақыт. Мемлекет басшысының қолдауын сезініп жатырмыз», — дейді Жанарай апай.

Сондай-ақ, массажшы апай соңғы бір жылда тек қана Шайдоровпен жұмыс істегенін атап өтті.
«Мен спорттық, емдік массаж маманымын. Ұзақ жылдан бері осы саладамын. Осы олимпиадалық цикл орталаған тұста мені Шайдоровтың жеке массажшысы етіп тағайындап, қалған жүктемелердің бәрін алып тастады. Өйткені, спортшы үшін емдік массаждың рөлі өте жоғары. Ал мәнерлеп сырғануда жарақат қаупі жоғары болғандықтан, спортшыны дер кезінде бақылу маңызды. Соңғы бір жылда Мишамен бүкіл жарыста, бүкіл жаттығу жиынында бірге болдым. Шынымды айтайын, ол өзімнің ұлымдай болып кетті», — дейді массажшы маман.

Жанарай Таужанова Михаилдың қолдаусыз қалғанына қатысты пікірлерге қатысты өз ойын айтты.
«Қазір осы мәселе қатты талқыланып жатыр ғой. Пандемиядан соң болған жағдайларға қатысты ештеңе айта алмаймын. Әрбір спортшы жеңіске осындай қиындықпен жетеді ғой. Өзім спортта қанша жыл жүрсем де, оңай жолмен чемпион болғандарды көрмеппін. Спортшының жеңісі осындай сәттермен де ыстық қой?! Қиындықсыз жеңіс жоқ. Ал өзім қасында жүргенде басшылардың, мемлекеттің қолдауын сөзсіз сезіндім. Министрдің өзі төрт-бес рет келіп, жағдайын сұрап, керек-жарағын беріп кетті. Жаттығуға, бапкерлеріне, киіміне мемлекеттен ақша бөлінді. Осы Милан Олимпиадасында медальдан үмітті болған соң, Мишаға бар жағдай жасалды деп айта аламын. Қуанышқа қарай, Михаил да үмітті ақтап, алтын алды. Өзі сондай ақкөңіл жігіт. Елдің үміт артып отырғанын сезінді, жауапкершіліктен қашқан жоқ. Ең бастысы – жанып кеткен жоқ. Еркін бағдарлама аяқталған соң, бәріміздің иығымыздан ауыр жүк түсіп, жеңіл тыныстай бастадық», — дейді Жанарай апай.
