Қазақстандық конькимен жүгіруші Евгений Кошкин Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында тоғызыншы орын алды. Жарыстан кейін спортшы өз өнеріне баға беріп, жоғары нәтижеге таласуға дайын болғанын айтты. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
«Уақыт көрсеткішін алсақ, нәтижеге толық көңілім толмайды. Бұдан да жылдамырақ боламын деп ойлаған едім. Менің алдымда канадалық Лоран Дюбрей жүгірді. Әдетте өзге спортшылардың нәтижесіне мән бермеймін, бірақ оның Олимпиада рекордын жаңартқанын естідім.
Сол сәтте жарыс жолына шығарда мен де сондай көрсеткішке жете аламын деп сендім. Себебі ол рекордты аса үлкен айырмашылықпен жаңартты деп ойламаймын. Өзімді өте жақсы сезіндім. Жаттығулар сәтті өтті, дайындығым жоғары деңгейде болды. Қыздыру кезінде де бәрі ойдағыдай еді.
Нәтижесінде неге олай болғанын білмеймін. Мүмкін, қобалжығаннан болар. Дегенмен мұз айдынының ортасына қыздырынуға шыққанда толқу басылып, өзімді еркін сезіндім.
Трибуналардан «Женя, алға!» деген дауыстар сәл кедергі келтірді. Тіпті камераға «тыныш» деген ишара да жасадым. Сол сәтте маған тыныштық қажет болды. Соның салдарынан жарысты сәл ертерек бастап қойдым. Бұл аздап ырғағыма әсер етті.
Ал жүгірістің өзі көңілімнен шықты. Жоспарлағанымды толық орындадым.
Миланға 29 қаңтарда келдік. Мұзға бейімделуге уақыт жеткілікті болды. Тіпті сынақ жарыстарын да өткіздік. Алғашқы аптада өзімді жайсыз сезіндім. Бірақ күн сайын жағдайым жақсарды. Жарысқа бірнеше күн қалғанда бабымда едім.
Командада жауынгерлік рух басым. Ертең Кристина (Силаева — редакция ескертпесі) эмоциясын қалай басқаратынын көреміз. Сондай-ақ Надежда Морозоваға үміт артамыз, ол 1500 метр қашықтыққа маманданған. Ол осы қашықтыққа дейін өте ұзақ жолдан өтті. Күн сайын дерлік жарысқа қатысып жүр. Күш-қуаты жетеді деп сенеміз. Барлығымыз жанкүйер боламыз», — деді Кошкин.
Айта кетейік, Евгений Кошкин Олимпиада-2026 ойындарында 500 метр қашықтықта бақ сынады.
Фото: Сали Сабыров
