Индонезия өткен бокстан U19 және U23 Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медаль кестесінде екінші орынға тұрақтады, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстандық былғары қолғап шеберлері құрлық біріншілігінде 30 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 11 алтын, 11 күміс және 8 қола жүлде бар.
Жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасы көш бастады. Көрші елдің боксшылары 21 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль иеленіп, Қазақстаннан 10 алтын жүлдеге озып кетті. Үздік үштікті 5 алтын, 12 күміс және 11 қоламедальмен Үндістан түйіндеді.
U23 жас санатында Қазақстан құрамасы 6 алтын, 7 күміс, 3 қола медальмен екінші орын алды. Бұл санатта да Өзбекстан құрамасы 10 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлдемен топ жарды.
Ал U19 санатында қазақстандық боксшылар 5 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, тағы да екінші орынға жайғасты. Бірінші орынды 11 алтын, 3 күміс, 1 қола медальмен Өзбекстан құрамасы иеленді.
Айта кетейік, бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 3-16 шілде аралығында Джакартада өтті. Қазақстан атынан құрлық додасына 39 боксшы қатысты.
