Спорт сарапшысы әрі боксшы Айдар Шәрібаев Индонезияда өткен бокстан Азия чемпионатының қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Шәрібаевтың айтуынша, құрлық біріншілігінің нәтижесі оны қатты ойландырған.
«Қазақ боксы — әлемге танылған, бай тарихы мен жеңіс дәстүрі бар мектеп. Сондықтан бұл нәтиже бәрімізге үлкен сабақ болуы керек. Мақсатым — ешкімді кінәлау емес. Қазақ боксының жанашыры ретінде өз пікірімді білдіріп отырмын. Әр жеңілістен дұрыс қорытынды шығарып, қателіктерді ашық талдап, заман талабына сай өзгеруіміз қажет.
Бүгінде Азия елдері қарқынды дамып, ғылыми дайындық пен заманауи әдістерге басымдық беруде. Біз де бұрынғы жетістіктерге ғана сүйенбей, жаңа көзқараспен жұмыс істеуіміз керек.
Қазақстанда талант та, тәжірибелі бапкерлер де жеткілікті. Енді сол әлеуетті нақты нәтижеге айналдыратын уақыт келді. Мен қазақ боксының қайтадан Азияда ғана емес, әлемде де көшбасшы болғанын қалаймын.
Бұл — сын емес, қазақ боксын шын жүректен жақсы көретін адамның жанайқайы. Дұрыс қорытынды жасап, бұдан да мықты болып ораламыз деп сенемін», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Джакартадағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы U19 және U23 жас санаттарында жалпыкомандалық есепте Өзбекстанға жол берді.
