Германияның Франкфурт қаласында көркем гимнастикадан 42-әлем чемпионаты аяқталды. Аталған сын қазақ жанкүйерлері үшін Ақмарал Ерекешеваның ересектер арасындағы тұсаукесер додасы ретінде есте қалғаны анық. Жасөспірімдер арасынан енді ауысып келген 16 жасар гимнаст отандық көрерменді ғана емес, әлемдік сарапшыларды да таңдай қақтырды. Жүлдеге бір қадам жетпесе де, Ақмаралдың ерекше икемі мен ептілігі, спорттық құралдарды еркін игеріп, жылдам әуен ырғағына жақсы ілесетіні, иілгіштігі мен әртістігі көзге ұрып тұрды. Мұны Халықаралық гимнастика федерациясы да жоғары бағалап, әлеуметтік желідегі ресми парақшасында қазақ қызының таспамен орындаған жаттығуын арнайы бөлісті. Иә, бұл жолы да отандық гимнастарға тарихи жүлде – әлем чемпионатының тұңғыш медалі бұйырған жоқ. Десе де, көркем гимнастикадан да жүлделі бола алатынымызға Ақмарал сендірген жарыс болғанын жасырмаймыз. Сонымен…
Үздік үштіктің айқасы
Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Евгения Канаевадан соң, екі олимпиадалық маусымға төтеп берген гимнастар саны азайып кеткені рас. Көркем гимнастика психологиялық тұрғыдан да өте ауыр спорт болғандықтан, үздік спортшылар бір олимпиадалық циклден соң мансабын аяқтап жатты. Рио Олимпиадасының жеңімпазы Маргарита Мамун, сол ойындардың күміс жүлдегері, әлемнің 13 дүркін чемпионы Яна Кудрявцева, 18 дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Дина Аверина (барлығы да — Ресей) мен Токиода топ жарған израильдік Линой Ашрамдар бір Олимпиадамен ғана шектелді. Келесі төртжылдықта тағы дайындалуға бәлкім денсаулығы, бәлкім ерік-жігері болмаған шығар. Ал сол буыннан соң көркем гимнастикаға келген Дарья Варфоломеев (Германия), Стиляна Николова (Болгария) және Софья Рафаэлли (Италия) үштігі осы спорт түріндегі бәсекені одан әрі қыздыра түсті. Париж Олимпиадасының чемпионы Вармоломеев те, қола жүлдегер Рафаэлли де екінші олимпиадалық циклге сенімді қадам басып отыр. Ал Парижде алтынға басты үміткер бола тұра сәтсіздікке ұшыраған Стиляна сол есесін қайтару үшін қайта бекінгені тағы рас. Соңғы алты жыл көлемінде аталған үштік бір-бірінің өкшесін басып келеді және олардың теке-тіресін біз 2028 жылғы Лос-Анджелес ойындарында да көреміз. Қызығы сол, алты жыл бойы көркем гимнастикадағы жүлдені өзара бөлісіп келе жатқан үздік үштікке біздің Ақмарал да сес көрсетіп, мықтылармен бірге ақтық сында өнер көрсетті.
Үш финал, алғашқы алтылық…
Ақмарал Ерекешева үшін биылғы маусым жауапкершілікке толы болды. Оған себеп — спортшының жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы атануы еді. Әлия Юсуповадан соң қазақ гимнастикасында әлемдік деңгейде жүлдеге таласа алатын спортшы шыққанына қуандық. Жолына үмітпен қарадық. Әзірге, ұзақ жолдың бастамасы жаман емес. Германиядағы додаға дейін Ақмарал Бакудегі әлем кубогында қола медаль жеңіп алды. Кейін Бішкектегі Азия біріншілігінде екі күміс, екі қолаға қол жеткізді. Осы аралықта бапкері Меруерт Балғынбаевмен бірге бағдарламасын бірнеше рет жетілдіріп, қиын элементтер санын көбейтті. Кейбір жаттығуға арналған спорттық костюмдерін де өзгертіп көрді. Яғни, маусым бойы Ақмарал мен бапкері тыным таппай, ізденіс үстінде болды. Сол ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесін біз Германия төрінде анық байқадық.
Франкфурттегі дода Ақмаралдың ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты еді. Жастығына, тәжірибесінің аздығына қарамастан, қазақ қызы Дарья, Софья, Стиляна бастаған тісқаққан шеберлерімен, бес жылдық үзілістен соң үлкен спортқа қайта келген Ресей, Беларусь мықтыларымен Израиль және Қытай өкілдерімен терезесі тең өнер көрсетті.
Көркем гимнастиканың негізгі таласы саналатын көпсайыста 115.80 ұпаймен алтыншы орын иеленді. Тіпті, ұпай саны бойынша өзінің жеке рекордын орнатқанын да көрдік. Осылайша, қазақ көркем гимнастикасының тарихында көпсайыстан финалға шыққан үшінші спортшы атанды. Бұған дейін Әлия Юсупова 2007 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатында көпсайыстан 6-орынға ие болған еді. Арада 19 жыл өткен соң Ерекешева дәл осы жетістікті қайталап, алғашқы алтылыққа енді. Ал отандық гимнастиканың тағы бір жарқын өкілі Эльжана Таниева 2022 жылы Болгарияда өткен әлем біріншілігінде 8-орынға тұрақтаған.
Көпсайыстан бөлек, Ақмарал жекелеген жаттығулар бойынша екі финалда бақ сынады. Ұршықпен жаттығуда бесінші, таспамен жаттығуда сегізінші сатыға тұрақтады. Осы орайда, Ақмаралдың ұршықпен бестікке енгенін ерекше атап өту керек. Бұл — Қазақстан көркем гимнастика тарихындағы әлем чемпионаттарында тіркелген ең жоғары нәтижелердің бірі. Мұның алдына Әлия Юсупованың 2007 жылы таспамен жаттығуда иеленген төртінші орнын қоя аламыз.
Өкінішке қарай, Ақмарал таспамен жаттығуда қатеге бой алдырып, 8-орыннан көрінді. Бұл оның сүйікті құралы, сүйікті бағдарламасы еді. Ерекешеваның осы жаттығуда өзін өте еркін ұстайтынын да көріп жүрміз. Ендеше, бұл қателік оған үлкен сабақ болғаны анық.
Көркем гимнастикадағы «кішкентай ел»…
Әлем чемпионатын тамашалап отырып, Ақмаралдай спортшымыз өсіп келе жатқанына қуандым. Ол әлем мықтыларымен де иық тіресуге болатынын анық көрсетті. Азиялық гимнастардың барлығын артқа тастады. Тәжірибелі Тахмина Икромова, Ван Цзилуларды басып озды. Десе де, көркем гимнастика субъективті түрде бағаланатын спорт түрі. Мұндағы жүлде тағдырын минуттар, секундтар емес, төрешілер шешеді. Сондықтан, қазылардың қандай шешім қабылдайтыны аса маңызды. Ал төрешілер қашан да гимнастикадағы алыптарды сызып тастай алмайды. Осы спорт түрінен талай жылдар бойы топ жарып жүрген Ресей, Болгария, Беларусь, Украина, Италия спортшыларына деген көзқарас бәрібір жоғары болмақ. Мәселен, осы бәсекеге нейтралды атлет ретінде қатысқан Мария Борисованы біздің Ақмаралдан айтарлықтай мықты дей алмаймын. Бірақ төрешілер Машаның ұпайын әрдайым көтермелеп отырғандай көрінді. Ворфомелеевпен бір деңгейге қоймайтыны анық, десе де, бірнеше қола медальға лайық санады. Яғни, көркем гимнастикадағы беделді елдерге бәрібір басымдық беріледі. Мұндай кедергіні өзіміздің аңыз спортшымыз Әлия Юсупова да бастан өткерді. Ол Афины Олимпиадасын айтпағанда, бірнеше әлем чемпионатында кем дегенде қола медаль алатын аса талантты спортшы болатын. Бірақ Кабаева, Бессонова дәуірінде төрешілер қазақ қызына жүлде қиған жоқ. Ол кезде отандық көркем гимнастиканы жалғыз Юсупова сүйреп жүрген еді. Ал жалғыздың үні шықпайтыны бесенеден белгілі.
Сондай жағдай қайталанбас үшін бізге өзіміздің төрешілерді дайындау аса маңызды. Қазіргі таңда қазақстандық Алуа Бектұрова төрешілік қызметте жақсы беделге ие. Ол халықаралық дәрежедегі төреші ретінде Испаниядағы әлем чемпионатында (2023), Париждегі Олимпиада ойындарында (2024) қызмет етті. Ал Франкфурттегі әлемдік сында Бектұрова жоғары әділ-қазылар құрамында болды. Алуа көркем гимнастикадан әлемдік ұйымның техникалық комитетіне мүше екенін де айта кету керек.
Қанша дегенмен, Қазақстан көркем гимнастикадан алыптар қатарына енбейді. Ал Ақмарал сынды талантты спортшыларымыздың сағын сындырмау үшін әлемдік ұйыммен де жақсы қарым-қатынас орнату аса маңызды.
P.S. Басқалар да байқаған шығар, әлем чемпионатында үздік үштік – Ворфомелеев, Рафаэлли және Николова ұпай жариялайтын сәтті ерекше кейіппен қарсы алды. Олар басқалар секілді жадырап отырған жоқ. Жаттығуды сәтті орындап шықса да, суық түр танытып, жоғары ұпайдың өзін қалыпты жағдай ретінде қабылдап, орындарынан дереу тұрып кетумен болды. Тіпті, Николованың камераға да қарағысы келген жоқ. Ал біздің Ақмарал… Біздің Ақмаралдың жүзі жайнап, көздері жанып тұрды. Бапкерімен бірге жанкүйерге жылы ықыласын жолдап, спорт деген сиқырлы әлемге тағы да ынтық ете түсті. Күн дидарлы қыз ғой, өзі… Тіл-көзден сақтасын…
Ақырыс Сейтқазы
