Боксшы Санжар Тәшкенбайдың кәсіби бокстағы дебютіне сарапшы Алмас Жақыпов баға берді, деп жазады Sport24.kz. сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad турнирінде Тәшкенбай филиппиндік Нил Джакамосты жеңіп, WBA Asia белбеуін иеленді.
Алайда сарапшы үшінші-төртінші раундтарда қазақстандық боксшының жағдайына алаңдағанын айтты.
«Қарсыласы үнемі алға ұмтылып, қысым жасады. Санжардың шаршағаны байқалды. Сол сәттерде Санжар үшін қорқа бастадым» , — деді Алмас Жақыпов.
Сарапшының пікірінше, Тәшкенбайдың басты мәселесі — әуесқой бокстан кәсіби боксқа бейімделу.
«Үш раундтық қарқыннан сегіз раундтық жекпе-жекке ауысу оңай емес. Күшті дұрыс бөле білу керек. Дегенмен, Санжардың кәсіби бокста әлеуеті бар», — деді.
Айта кетейік, Тәшкенбай сегіз раундқа созылған жекпе-жекте қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
