Қазақстан күрес федерациясы еркін күрестен 61 келі салмақта шешуші іріктеу белдесуінің өтетінін хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл салмақта Асыл Айтақын мен Аллан Оралбек Астана қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі үшін өзара белдеседі.
Қос балуанның 2026 жылғы жарыс жолына көз жүгіртсек, бұл шешімге қатысты бірқатар сұрақ туындайды.
Аллан Оралбек биыл U20 Қазақстан чемпионатының финалында Асамбек Бекасылға есе жіберсе, U23 Қазақстан чемпионатының финалында Нұрданат Айтановтан жеңілді. Мамыр айында Алматыда өткен ересектер арасындағы Қазақстан кубогында жеңіске жеткеннен кейін халықаралық жарыстарға қатысқан жоқ.
Ал Асыл Айтақын 2025 жылдың желтоқсанында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Биыл мамыр айында Қазақстан кубогының күміс жүлдесін иеленді. Сонымен қатар Ұланбатырдағы рейтингілік турнирде күміс медаль жеңіп алса, Будапештте өткен рейтингілік жарыста топ жарды.
Осы ретте биыл ірі халықаралық жарыстарға қатыспаған балуан мен халықаралық рейтингілік турнирлерде жүлде алып, жеңіске жеткен спортшының арасында қосымша іріктеу өткізілуі түсініксіз көрінеді.
Бұл жағдай мүдделер қақтығысы туралы да сауал туындатады. Аллан Оралбек Абай облысының намысын қорғайды. Ал аталған өңірден шыққан тұлғалардың бірі Қазақстан күрес федерациясында вице-президент қызметін атқарады.
