Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан айырылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстан Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 32 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынмен аяқтағанын мәлімдеген еді.
Алайда кейінірек Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми Instagram парақшасында жаңартылған медаль кестесі жарияланды. Ондағы мәліметке сәйкес, Қазақстан құрамасының қоржынында 29 алтын медаль бар. Ал Қырғызстан құрамасы 30 алтын жүлдемен көш бастап тұр.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар Қазақстан құрамасының алтын медаль санының 32-ден 29-ға не себепті өзгергеніне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Соңғы жарияланған кестеге сәйкес, Қырғызстан 30 алтын медальмен бірінші орында тұрса, Қазақстан 29 алтынмен екінші орынға жайғасқан.
Айта кетейік, Қырғызстанның Спорт министрлігі бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеді.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттауға, мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң.
Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекелесуіне емес, елдерді ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегіне біріктіруге негізделген», — делінген хабарламада.
