Абылайхан Жүсіповтің жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Насибулин біздің тілшімізге арнайы сұхбат берді. Бокс маманы өз шәкіртінің Азия ойындарынан неліктен сырт қалғанын түсінбейтінін айтып, дабыл қақты, деп жазады Sportbugin.kz.
Насибулин 70 келі салмақта таңдау жасайтын кезде бас бапкерге қысым болды деп есептейді.
«Абылайхан мен Төреханның арасында ешқандай спарринг болған жоқ, қандай да бір іріктеу өткен жоқ. Ешқандай да ашықтық жоқ. Демек, таңдау кезінде бас бапкерге Шымкент федерациясынан қысым болып, біздің бокс федерациясымен келісім жасалған. Моңғолиядағы Азия чемпионатында Төрехан Сабырхан иорданиялық Зияд Ишаиштан барлық көрсеткіштер бойынша ұтылды. Ал жақында Қытайда өткен әлем кубогында біздің боксшы Ишаишты екінші раундта-ақ жеңіп кетті.
Сонда бапкерлер Төреханды қандай негізге сүйеніп таңдады? Спарринг өткізген жоқ, ашықтық жоқ. Бас бапкерге қысым жасап, федерациямен келісіп алған. Негізі, біздің боксымыздың қазіргі кейпі — осы. Бейберекетсіздік! Бұлай болмауы керек. Мысалы, мен үздік боксшы бола тұра, жарысқа бармаймын. Есесіне, біреулер жанын салатын жас боксшы барады. Онда кім көрінгенді апарсын », — деді Насибулин.
Бапкер Төрехан Сабырханды спаррингсіз таңдауға не себеп болғанын түсінбейтінін жеткізді.
«Қытайдағы әлем кубогынан оралған соң, Абылайхан АҚШ-тағы жаттығу жиынына бармайтынын айтты. «Мені Азия ойындарына апармайтын шығар, онда бұл жиынның не қажеті бар?», деді. Бірақ облыстық спорт басқармасының шенеуніктері Абылайханды үгіттеп, Азиадаға міндетті түрде баратынын айтып, арқасынан қағып, Америка шығарып салды. Біздің боксшы соңғы жиынға барып, Төреханмен үш раунд жұпта жұмыс істеді. Болды. Осы кездесу қорытындысы бойынша Сабырханды жіберіп отыр.
Ал Азиадаға неліктен Төреханды таңдағаны жайлы федерация не маған, не облыстағы спорт басшыларына ештеңе айтқан жоқ. Несіне айтады, бәрін келісіп алған ғой. Бокс деген осындай. Елдің намысын қорғау үшін әлемдік жарыстарға тек мықтылар ғана бара бермейді. Мен ұлттық құрамадағы кей салмақтарда өте мықты боксшылар бар екенін білемін. Олар қазір ауылдарда, жертөлелерде, жұмыстарында жаттығып жүр. Соларды суырып алып, көзін ашатын болсақ, қазіргі ұлттық құрамадағы жігіттердің жартысын ұрып тастайды. Бірақ кей жерлерде жолдарын кескен соң, көріне алмай жүр», — деді Насибулин.
Айта кетелік, бокстан Азия ойындарына баратын құрам ресми түрде жарияланған жоқ. Бірақ 70 келі салмақта Азиадаға Төрехан Сабырханның қатысатыны белгілі. Жүсіповтің жеке бапкері шәкіртінің жарыстан тыс қалғанын айтты.
