Отандық журналист Айдос Рымқұл көкпардан Қазақстан құрамасының финалдағы ойынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Журналистің айтуынша, ойын жалпы деңгей жағынан тең өткен. Дегенмен шешуші сәттерде қазақстандық спортшылар мүмкіндіктерін пайдалана алмаған.
«Жалпы, жаман емес. Кейбір эпизодтарды есептемегенде ойын тең дәрежеде өтті. Алайда негізгі сәттерді жіберіп алдық. Сол үшін жеңілдік деп ойлаймын. Ойын барысында Қырғызстан тарапынан ортадағы бас төрешіге қатты қысым жасалды. Оны тікелей эфирден бәріміз көрдік. Ортадағы төрешінің әлсіз шешімдері, қысымның әсерінен Қырғызстан жағына сәл бұрған тұстары болды деп ойлаймын. Бірақ бұл жеңілістің басты себебі емес.
Шын мықтыға тұсау жоқ дегендей, жеңісті жұлып алуға да болар еді. Құрманбектен басқалары жігерсіз көрінді. Төрешілік дауы ешқашан бітпейді. Оның үстіне Қырғызстан тарапының арандатушылық әрекеттерге жиі баратыны бар.
Менің ойымша, екі ел бір-бірімен ойнамай, әрқайсысы өз ішінде дамыта бергені дұрыс. Бұл ойынды халықаралық деңгейге шығаруға әлі ерте. Деңгейін көтергіміз келсе, алдымен басқа мемлекеттердің қызығушылығын оятуымыз керек. Басқалар қызықпай тұрып, дамытамыз деу — босқа ақша шашу», — деді Айдос Рымқұл.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Қырғызстанға қарсы өткен финалдық кездесулерде екі ойын түрінен де жеңіліс тапты.
