«Қазақ күресі» қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойынын қорытындылады, деп жазады Sportbugin.kz.
Көшпенділер ойынында қазақ күресінен үш салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қазақ балуандары үш салмақта да финалға шығып, 1 алтын, 2 күміс жүлдені қоржынға салды.
«Көшпенділер ойыны екі жыл бұрын біздің елде өткенде, ерлерден 8, әйелдерден 8 салмақта белдесулер өтіп, қазақ күресінен 13 алтынды қоржынға салдық. Бұл жолы ұйымдастырушылар әйелдер арасындағы бәсекені бағдарламаға қоспай, ерлерден тек үш салмақты қалдырды. Кейбір ұлттық күрес түрлерінде тек аса ауыр салмақты ғана қалдырған, сондықтан, үш салмақ жаман емес. Жарысты қабылдаушы мемлекет өз ережелерін қосатындықтан, бұл жағына араласа алмаймыз. Жалпы алғанда, Көшпенділер ойынындағы қазақ күресінің бәсекелері әділ әрі таза өтті. Біздің күресіміз әлемдік деңгейде танылып қалғандықтан, ұйымдастыруда мін болған жоқ», — деді Берекетов.
Сондай-ақ, Бас директор екі финалдағы жеңіліске тоқталып өтті.
«Шыны керек, қазақ күресінен өтетін жарыстар тізбегі өте тығыз. Жақында Бакуде әлем чемпионатын өткіздік. UWW күнтізбесіндегі жарыс болған соң, біз турнирдің уақытын өзгерте алмаймыз. Іле-шала «Қазақстан Барысы» турнирі өтті. Аса ауыр салмақтағы Нұрдәулет Жарылғапов осы екі бәсекеге де қатысты. Көшпенділер ойынының бірінші күнінде кураштан да бақ сынап көрді. Осының бәрі әсер еткен болар, финалда шаршап қалды. «Қарабурадан» басқа балуандарымыз да бар, әрине. Бірақ олар дзюдодан әлемдік жарыстарға қатысатындықтан бас тартты. Марат Байкамуров пен Ерасыл Қажыбаев дзюдодан ресми турнирлерде ел намысын қорғайды. Ал 82 келідегі Нұрдәулет Бақтыбайұлы жақсы күрес көрсетті. Чемпион атанған Ернұр Сүлеймен нағыз бабында», — деді Мейіржан Берекетов.
