Алматыда үстел теннисінен өткен халықаралық WTT Contender Almaty 2026 турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Жарыстың ерлер арасындағы жекелей сынында жапониялық Шунсуке Тогами финалда франциялық Симон Гозиді 4:0 есебімен сенімді жеңіп, чемпион атанды.
Ал әйелдер арасындағы финалда екі жапониялық спортшы Миу Хирано мен Хина Хаята кездесті. Тартысты матчта Хирано қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, турнирдегі екінші жүлдесіне қол жеткізді. Бұған дейін ол жұптық сында да топ жарған болатын.
Ерлер арасындағы жұптық финалда Ресейлік Лев Кацман мен Максим Гребнев бес сетке созылған бәсекеде швециялық Маттиас Карлссон мен Кристиан Карлссон жұбын 3:2 есебімен жеңді.
Әйелдер жұбында Миу Хирано мен Мию Кихара үндістандық Синдрала Дас пен Сутиртха Мукерджиді 3:0 есебімен ұтты.
Ал аралас жұптық сында ресейлік Евгений Тихонов пен Мария Панфилова жапониялық Кадзуки Йошияма мен Юна Оджио жұбын 3:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Айта кетейік, Алматыда өткен ірі халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының спортшылары жүлделі орындарға іліне алмады.
