Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасын жалпыкомандалық есептегі жеңісімен құттықтады, деп жазады Sportbugin.kz.
Қырғызстан президенті әкімшілігінің өкілі әлеуметтік желідегі парақшасында Көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Сондай-ақ жалпыкомандалық есептегі медальдарды қайта есептеу барысында Қазақстан құрамасының үш спортшысының медальдары жеке-жеке есепке алынғанын айтты.
«Жалпыкомандалық есепте медальдарды санау кезінде ғана техникалық сәйкессіздік туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке-жеке есептеу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларды жеңісімен құттықтаймыз!» — деп жазды ол.
Алагөзов сондай-ақ қырғыз спортшыларының да аталған ойындарда жоғары нәтиже көрсеткенін атап өтті.
«Медальдық есеп — спорттың бір ғана бөлігі. Бұл ойындардың басты жеңісі — жарыстарды өзара құрмет пен әділ бәсекелестік рухында өткізіп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсетуіміз», – деп түйіндеді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, бастапқыда Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медальдық есебінде бірінші орынға шыққан болатын. Кейін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш алтын медалін есептен шығарып, көшбасшылықты Қырғызстанға берген еді. Алайда медальдар қайта есептеліп, Қазақстан қайтадан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді.
