Ақтөбеде 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтіп жатқан Қазақстан Республикасы чемпионатының екінші жарыс күнінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ерлер арасында төрт салмақ дәрежесінде чемпиондар белгілі болды. Атап айтқанда, 58 келіде алматылық Санжар Исмаил топ жарса, 68 келіде Алматы қаласының өкілі Әлидар Әбдікәрімов алтын медаль жеңіп алды.
74 келі салмақта Астана қаласының спортшысы Ануар Мұхаметкәрімов жеңімпаз атанды. Ал 87 келіде Түркістан облысының өкілі Бекзат Ғазиз чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Әйелдер арасында 49 келіде Жамбыл облысының спортшысы Нұрайым Жұмабек алтыннан алқа тақты. 53 келіде Алматы облысының өкілі Сабина Қасымова үздік атанды.
Сондай-ақ, 67 келіде Астана қаласының спортшысы Аида Таукенова жеңіске жетсе, 73 келіде Павлодар облысының өкілі Дания Қабир Қазақстан чемпионы атанды.
