Каратэші Мөлдір Жаңбырбай Қызылордада көлік қағып кеткен келіні мен жиеніне қатысты оқиға бойынша тағы да мәлімдеме жасады, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшы күдіктінің әлі күнге дейін табылмағанына алаңдап, істің жан-жақты тексерілуін талап етті.
«TikTok әлеуметтік желісінде өзін қылмыскермен бірге оқыған танысы ретінде таныстырған жігіттің сөзіне сенсек, қылмыскердің әкесі «сотрудник“ дейді. Айтыңыздаршы, қылмыскердің төрт күн өтсе де табылмай жүргеніне әкесінің ықпалы бар ма?!
Бұл қылмыскер осы оқиғаға дейін де қылмыс жасап, бірақ істі болмағанын естіп отырмын. Сол видеоға пікір қалдырған адамның сөзіне сенсек, «кезінде осыған көмектесіп алып қалған И. Б. пенсияға шыққан, соны да тергеу керек“ деп жазба қалдырған! Ол кісі туралы ғаламтордан іздесем, полицияда жұмыс істеген кісі екен.
Енді жауап беріңіздерші, бұл ақпараттар сіздерге аян ба? Осы сұрақты жауапсыз қалдырмай, егжей-тегжейлі қарап, тексеріс жүргізулеріңізді талап етемін!
Бүкіл әулет қара жамылып, ата-анасы баласынан айырылып, анасы ауыр халде жатыр! Өз бастарыңыздың қайғысы бола ма, немқұрайлы қарап отырсыздар ма? Төрт күнде шындап кіріссеңіздер, бүкіл Қазақстанды іздесеңіздер де, уақыт болды!
Іздестіру тобын күшейтіп, қылмыскерді табыңдар!» — деп жазды каратэші.
Айта кетейік, оқиға 13 қазан күні сағат 17:30 шамасында болған. Алайда күдікті әлі қамауға алынған жоқ.
