Зейнеп Баянова Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
Жарыстан кейін отандасымыз қол жеткізген жүлденің өзі үшін де, ел үшін де маңызы зор екенін айтты.
«Белдесулерім өте қиын болды. Мен мұндай болады деп күтпедім. Жақсы күрес көрсетемін деп ойлаған едім. Алайда Азия ойындарынан кейін әлі де өзіме толық келе алмай жүргенім бар.
Моңғолиялық қызбен белдесу күш жағынан өте қиын болды. Онымен күресудің осыншалықты ауыр болатынын ойламадым. Жеңіліп қалмасам екен деген оймен күрестім. Ал жартылай финалдағы үндістандық балуан менен бұрын бір-ақ белдесу өткізген, күші көп болды. Ал менің қолдарым талып, әбден шаршаған едім. Кешегі жеңілістен кейін ішім күйіп, өртеніп жатты.
Маған сенген баршаңызға рақмет! Ересектер арасында Қазақстанның қоржынында кіші салмақта әлем чемпионатының жүлдесі болмаған еді.
50 келі салмақта алғашқылардың бірі болып елге жүлде сыйлағым келді. Мақсатыма жеттім», — деді Зейнеп Баянова.
