Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, UWW бюросының мүшесі Арсен Левонович Джулфалакян Қазақстанда өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Оның айтуынша, әлем чемпионатын қабылдайтын елдің жарысқа небәрі алты ай қалғанда анықталуы белгілі бір алаңдаушылық туғызған. Алайда Қазақстанның мүмкіндігіне сенген ол жарыстың ұйымдастырылу деңгейі мен спортшыларға жасалған жағдайға ерекше тоқталды.
«Әлем чемпионатын өткізетін ел тек жарты жыл қалғанда анықталды. Бұған геосаяси жағдай себеп болғанын білесіздер. Аздап алаңдаушылық болды. Бірақ Қазақстанды жақсы білетін адамдардың қатарында мен де бармын. Сондықтан жарысты жоғары деңгейде өткізетіндеріңізге сенімді болдым.
Осы үш-төрт күн ішінде бізге және спортшыларға жасалған жағдайды көріп, ашылу салтанатына куә болғаннан кейін Қазақстан әлем чемпионатының абыройын шынымен көтеріп тастағанын түсіндік. Енді бізде қызықты сұрақ туындап отыр: келесі әлем чемпионатын өткізетін ел осы деңгейге жете ала ма?» — деді Арсен Джулфалакян.
