Мөлдір Жаңбырбай Мәскеуде өткен Moscow Karate Universe халықаралық турнирінде алтын медаль жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде кумите бағдарламасы бойынша өнер көрсеткен отандасымыз финалда Өзбекстан өкілі Диёра Пулатованы 5:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар, Софья Берульцева +68 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медаль иеленді. Ол финалда Иран спортшысын жеңді. Ал Гүлмира Өсенова, Айжан Бәкірова, Азия чемпионы Дайяна Даренская және Никита Тарнакин де турнирдің жүлдегерлері атанып, үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, Мөлдір Жаңбырбай бұл жетістікке сәбиін дүниеге әкелгеннен кейін небәрі алты ай өткен соң қол жеткізді. Ана атанып, үлкен спортқа қайта оралған әлем чемпионы өзінің қайсарлығы мен жеңіске деген жігерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
