Астанада өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында Ақжүрек Таңатаров пен Леонид Спиридоновтың бірге отырған сәті әлеуметтік желіде тарады, деп жазады Sportbugin.kz.
Ақжүрек Таңатаров өз сұхбаттарында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан тыс қалуына Леонид Спиридоновты кінәлаған болатын. Сол жылы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан Спиридонов қатысқан еді.
Бозкілемде ұзақ жылдар бойы өзара бәсекеге түскен қос балуанның бірге отырғанын көрген желі қолданушылары түрлі пікір білдірді. Олардың арасында «Талай жамандап еді, енді қалай дос болып кетті?», «Не болып кетті?», «Бірге қалай отыр?» деген сарындағы пікірлер де бар.
Айта кетейік, Леонид Спиридонов Қазақстанға Ресейден нақтырақ айтқанда, Саха Республикасынан Якутиядан келген. 2003 жылы спорттық азаматтығын ауыстырып, Қазақстан құрамасының сапына қосылды. 2012 жылға дейін ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Ол екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысқанымен, жүлдеге қол жеткізе алмады. Қазіргі таңда Леонид Спиридонов өз еліне оралып, Якутияның спорт министрі қызметін атқарады.
