Әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сағадиев Стамбулда өтетін соңғы лицензиялық турнирге 68 келі салмақта таңдау неліктен Елена Шалыгинаға түскенін де түсіндірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бапкердің мәліметінше, 68 келі салмақтағы балуандарды таңдау барысында біраз пікірталас болған.
«68 келі салмақта Елена Шалыгина белдесетін болды. Негізі, Бішкектегі турнирден соң Альбина Қайыргелдинованы да үміткер ретінде қарадық. Альбина әлі жас балуан, Азия чемпионатында да көзге түсе алмады. Альбинамен кездесуде Шалыгина айқын басымдықпен жеңіп, Стамбулдағы турнирге қатысу құқығын алып отыр.
Бұл салмақта Мадина Бақбергенованың да бар екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ Мадина іріктеу турнирлеріне қатысудан өзі бас тартты. Жарыс жақындаған кезде белі сыр береді. Соның салдарынан Мадинаны қаншама турнирден еріксіз алуға мәжбүр болдық», — дейді Сағадиев.
Сондай-ақ, бас бапкер 76 келідегі балуандар қалай таңдалғанын түсіндірді.
«Жәмила Бақбергенованың Бішкектегі іріктеу сынында жолы болмады. Біз былтыр жылды қорытындылап, алдағы маусым жоспарларын анықтаған кезде, іріктеу турнирінде жолдамасыз қалған балуанның орнына Азия чемпионатында көзге түскен спортшы белдеседі деп шешкенбіз. 76 келіде Эльмира Сыздықова құрлық додасында қола медаль алды. Сондықтан, Стамбулдағы турнирге заңды түрде барады. Бірақ бұл Бақбергенованы тізімнен сызып тастады деген сөз емес. Жәмила қатарда», — деді Сағадиев.
Айта кетелік, Стамбулдағы (Түркия) іріктеу турнирі 9-12 мамыр аралығында өтеді.