Грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесінде Олимпиадаға баратын Демеу Жадыраевтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов Париж Олимпиадасы жайында пікірін айтты. Бұл туралы Sport Plus сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Осы жылдың басынан құрама жаттығуларына қатыса алмаймын, сондықтан команданың дайындығы туралы пікір білдіру қиын. Өз шәкіртім Демеудің видео байланыс арқылы жаттығуын бақылап отыруға тырысамын, солай жұмыс істейміз. Шәкіртім кем дегенде жүлде алатынына сенемін.
Бұл жарыста кім психологиялық тұрғыда дайын болса, өз өзін жеңе алса сол спортшы жеңіске жетеді. Бабы мен бағы қатар келген адамды ешкім де тоқтата алмайды. Кейде жанкүйерлер тіпті күтпеген спортшылар жүлде алып жатады. Олимпиада осынысымен де қызық.
Күрес әлемінде айтарлықтай өзгеріс жоқ, грек-рим күресінде алты салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Белгілі бір мемлекеттер мықты деп айту қиын, барлығының да медаль алуға мүмкіндігі бар. Соның ішінде Қазақстан командасының да бағы жанса екен деймін. Олимпиадаға аттанатын біздің бестік кіл әлемдік деңгейдегі белді балуандар»,- дейді Қоңыратов.