Иорданияның Хашимит қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия біріншілігі аяқталды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Дәулет Ниязбеков жаттықтыратын еркін күрес шеберлері сегіз медаль жеңіп алды. Оның біреуі — алтын, біреуі — күміс, қалғаны — қола.
110 келіде Едіге Қасымбек чемпион атанса, 60 келідегі Бекасыл Асамбек күмісті қанағат тұтты.
Ералы Амангелді (45 келі), Ибрахим Ысқақбек (51 келі), Ералы Әскербек (55 келі), Бақдәулет Әкімжан (65 келі), Әмір Оразбаев (71 келі), Бейбарыс Ерғали (80 келі) қола медаль жеңіп алды.
«Негізі, үш алтын алатын шамамыз бар еді. 60, 71 және 80 келідегі балуандарымыздың финалға шығатын шамасы болды. Өздері қате жіберіп, жеңіліп қалды.
Біз бар білгенімізді үйреттік, бірақ, балалар ойдағыдай күресе алмады. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді.
Кем дегенде 3 алтын аламыз деген мақсат болды. Сол үшін еңбек еттік. Біздің жігіттер жаман емес, бірақ көпшілігі бір қатенің салдарынан ұтылды. Қателіктерді көрдік, енді сол кемшіліктерді әлем чемпионатына дейін реттеуге тырысамыз.
Дәл осы чемпионатқа қырғыз балуандары жақсы дайындықпен келіпті. Жігіттеріміздің әрқайсысында әртүрлі қателік бар. Сонымен жұмыс істейміз», — деді Ниязбеков ҰОК сайтына берген сұхбатында.