Ресейлік Шамиль Мамедов Париж Олимпиадасында белдесетін балуандардың шорт-парағына енді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұған дейін күрес түрлерінен Ресей құрамасы Париж Олимпиадасына бойкот жариялаған болатын.
Алайда, 65 келідегі Шамиль Мамедов басшылықтың бұл шешімімен келіспей, Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыртуын қабыл алды.
UWW жариялаған соңғы тізімде Мамедовтың аты-жөні бар және ол Париж бозкілемінде нейтралды атлет ретінде белдеседі.
Ал АСА лигасының вице-президенті Асланбек Бадаев федерацияға қарсы шығып, Олимпиадаға қатысатын балуанды қатал сынға алды.
«Егер бұл команданың шешімі болса, бәрі де сол шешімді қолдаса, онда келісімге сай болуы керек. Спортшыны дайындаған федерация бар. Бұл жүйе сені ұзақ жылдар бойы асырап, алға жетеледі. Мұндай жағдайда ортақ шешімге келген дұрыс. Ал қазір Мамедов Олимпиадаға тұлдыр жетімнің кейпінде барады. Осыдан соң, федерациямен ара-қатынасыңды құртып, Олимпиададан кейінгі күрес жолын жабасың. Шамиль өз таңдауын жасады. Бұл шешім дұрыс па? Келісімге сай жүру керек пе еді? Әрине, жүру керек еді», — деді Бадаев.
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Мамедов Олимпиадаға қатысқан жағдайда, оның Париж ойындарынан кейінгі өмірі қиындыққа толы болатынын болжауда.
Айта кетелік, күрестен Ресей құрамасы Олимпиададан бас тартқан соң, 57 келідегі қазақ балуаны Мейрамбек Қартбайға мүмкіндік берілді.