
Podium 74kg FS - Gold: Nurkozha Kaipanov (KAZ)
Еркін күрестен үш дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов 74 келіде Еуропа чемпионатында топ жарған Чермен Валиев жайлы пікір білдірді. Бұл туралы журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Чермен Валиевпен Олимпиада ойындарына іріктеу турнирінде күрескен едім. 2:2 есебімен алда келе жаттым. Бірақ белдесу кезінде оның жылдамдығына үлгермей қалдым. Осылайша, жеңілгенім бар. Екі ұпай алды да, 4:3 есебімен ұтып кетті.
Өте жылдам балуан. Көз ілеспейтіндей жылдамдықпен өтіп кетті маған. Бұған дейін оның Сидаковпен күрескенін көріп жүрмін. Көбіне, тек бір ұпай айырмасымен ұтылатын Заурбектен.
Черменнің бұл жеңісі оның рухын да көтеріп тастады ғой. Заурбек те осал балуан емес. Енді ол да дайындалады. Бұл салмақтағы кавказдықтар өте мықты. Оларды жеңу оңай болмайды», — деді Қайпанов.
Еске салайық, Нұрқожа Қайпанов 74 келіде Азия чемпионы атанса, Чермен Валиев (Албания) дәл осы салмақта Еуропа чемпионы атанды.