
Ақтаулық дзюдо шебері, белгілі бапкер Әділ Бисенқұлов IJF халықаралық санатындағы төреші атағын иеленді. Енді ол Халықаралық дзюдо федерациясы ұйымдастыратын ірі жарыстарда қазылық жасайды. Осы орайда, Sportbugin.kz төрешімен тілдескен болатын.
Әділ Бисенқұлов төрешілік жолды оқушылар арасындағы жарыстан бастайды. Кейін біліктілігінің арқасында жоғары деңгейлі турнирлеге қазылық жасады.
«Төрешілік мансабым 2002 жылы Шымкентте өткен «Оқушылар спартакиадасынан» бастау алды. Сол үрдіспен үш жылдан кейін ұлттық төреші деңгейіне көтерілдім. Бүгінгі күні осы қызметтегі ең жоғары саты – IJF халықаралық дәрежесіне жеттім. Бұл сатыға Австрия, Германия мен Ресейде өткен құрлықтық Еуропа, Азия кубоктарында төрешілік жасап, мол тәжірибе жинау арқылы көтерілдім. 2014 жылы Гонконг қаласында өткен Азия біріншілігінде IJF деңгейіндегі халықаралық төрешілік міндетін алғаш рет атқардым», — дейді Әділ мырза.
Дзюдо маманының айтуынша, IJF ережелері өте қатал және тәртіп пен біліктілікті талап етеді.
«Төрешілік жол үш сатылы емтиханнан өтуді талап етеді. Бірінші кезең – практикалық сынақ. Мұнда үміткердің спортты қандай деңгейде меңгергені тексеріледі. Мысалы, жоғарыда аталған Азия чемпионатында дзюдо спортындағы біліктілігім мен техникалық элементтерді білу деңгейім татамиге шығу арқылы бағаланды. Екінші кезең – теориялық сынақ. Ол ағылшын тіліндегі тест тапсырудан тұрады. Үшінші кезеңде – дзюдо федерациясының рефери директоры мен IJF басшылығының өкілдері қатысатын сұхбат жүргізіледі. Үш кезеңнен сүрінбей өткен үміткерлер ғана төрешілікке іріктеледі», — дейді ол.
Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогында халықаралық ауқымды емтихан тағы өткізілді.
«Мұндай ауқымды төрешілер емтиханына Алматыда өткен Азия кубогінде де куә болдық. Ережелер мен талаптар қатаң сақталды. Дзюдо элементтерінің орындалу тәртібіне негізделген тест сұрақтарының күрделілігі барлық төрешіні алаңдатты. Дегенмен тәжірибелі мамандар сынақты жоғары деңгейде тапсырып шықты. Осындай ірі жарыстарда жұмыс істеу мансаптың шыңы саналатын Олимпиада ойындарында төрелік ету құқығына жеткізеді. Оған қол жеткізу үшін ең көп ұпай беретін ресми чемпионаттарға, Гранд Слэм және Гран При турнирлеріне жиі қатысып, рейтингтен орын алу қажет. Яғни спортшылар сияқты біз де жарыстарда жинаған ұпайымызға қарай Олимпиадаға лицензия аламыз. Ендігі мақсатым – сол жолда аянбай еңбек ету», — дейді ақтаулық төреші.
Әділ Бисенқұлов – дзюдодан спорт шебері, халықаралық деңгейдегі төреші, Қазақстандағы AT Judo Academy спорт клубының жетекшісі. Оның төл шәкірті Айбек Иманбаев әлемдік аренада табысты өнер көрсетті.