
Әзербайжанда өтіп жатқан ТМД елдері ойындарында оралдық каратэші Дархан Темірәлиев чемпион атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
60 келі салмақта сынға түскен Дархан топтық кезеңде Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан спортшыларын жеңді. Жартылай финалда Беларусь өкілінен басым түссе, ақтық сында Әзербайжан құрамасының беделді өкілі, жергілікті жұлдызы Фарид Савадовтан 4:1 есебімен ұтты.
Бұл Дарханның спорттық мансабындағы тырнақалды табыстардың бірі. Бапкері Ринат Мерғалиевтің айтуынша, каратэші үнемі еңбекқорлығымен көзге түскен.
«Дархан алғаш рет жаттығуға келгенде, небары 6 жаста болған. Екеуміз бапкері мен шәкірті ретінде бірге өсіп келеміз. ТМД ойындарында Дархан Темірәлиев жеңіске деген жігерімен көзге түсті. Каратэден Әзербайжан командасының жұлдызы Савадовтан да қорыққан жоқ. Енді шәкіртіммен бірге алдағы ірі жарыстарға дайындаламыз», — дейді Мерғалиев.
ТМД ойындарында тағы бір оралдық каратэші, Ринат Мерғалиевтің төл шәкірті Натали Касикова күміс жүлдегер атанды.