
Грузияның Тбилиси қаласында ММА-ден әлем біріншілігі аяқталды. Аталған сында Қазақстан ерлер құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 5 қола медальға иелік етті. Осы орайда, ұлттық құраманың бас бапкері Баян Жанғазов әлемдік турнирді қорытындылап өтті, деп жазады Sportbugin.kz.
Тбилиси төріндегі додада Ерұлан Қабдулов пен Жақсыбек Аймаханов еліміздің әнұранын шырқатып, туымызды көкке көтерді. Осынша жақсы нәтиже көрсеткеніне қарамастан, отандық ММА-шеберлері әлем чемпионаты қарсаңындағы жаттығу жиынына қаржының жоқтығынан қатыса алмапты.
«Біз алтын көптеу болады деп күткенбіз. Бірақ төрешілер тарапынан түсініксіз шешімдер шығып қалды. Одан бөлек, бұрын айтарлықтай қауқар көрсетпейтін Еуропа елдерінің спортшылары осы жолы үлкен дайындықпен келіпті. Биыл ережесіз жекпе-жектен (ММА) Қазақстан ұлттық құрамасы бірде-бір оқу-жаттығу жиынын өткізе алған жоқ! Ұлттық құрама мүшелерінің барлығы өз аймақтарында, жеке бапкерлерімен жаттықты. Туризм және спорт министрлігінің тарапынан еш қолдау болмағанына қарамастан, біз ел әнұранын екі рет шырқатып қайттық», — дейді бас бапкер.
Баян Жанғазов осы чемпионатта ерекше өнер көрсетіп, шеберлігімен тәнті еткен отандық спортшыларға тоқталды.
«Ерұлан Қабдулов іріктеу белдесулерін мерзімінен бұрын жеңді, ал финалда өте мықты тәжік спортшысы Аминджон Сайвалиевтен басым түсті. Ерұлан ұлттық құрамадағы өте тәжірибелі жауынгердің бірі. 2019 жылдан бері өзінің еңбекқорлығы, тәртібі мен шеберлігі арқасында екі дүркін әлем чемпионы атанып отыр!
Екінші алтынның иегері Жақсыбек Аймаханов әлем чемпионатындағы барлық жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Финалда неміс спортшысымен кездесті. Германиялық балуан да барлық қарсыласын жайпап келе жатқасын, тартысты белдесу болды деп күткенбіз. Бірақ Жақсыбектің тәжірибесі ешкімге айла қалдырмады. Үшінші финалисіміз Досжан Есбол бахрейндік Гаджи Гаджиевке жол берді», — дейді Жанғазов.
ММА-ден әлем чемпионатына қатысатын спортшылар отандық промоушендер ұйымдастыратын ережесіз жекпе-жек кештеріне қатыса алмайды. Бас бапкер мұның да себебін түсіндірді.
«Халықаралық ММА (IMMAF) федерациясының регламенті бойынша, кәсіби спортшылар әуесқойлар арасындағы турнирге қатыса алмайды. Тек әуесқой спорттағы мансабын аяқтаған балуандар ғана кәсіби және коммерциялық лигаларда бақ сынайды. Біздің түлектеріміз отандық және шетелдік кәсіби лигаларда табысты өнер көрсетіп жүр», — дейді ол.
Бас бапкер чемпионатты қорытындылай келе, ұлттық құрамаға мемлекет тарапынан қолдау болса, нәтиже бұдан да жақсы болатынын айтты.
«Грузиядағы әлем біріншілігіне 56 мемлекеттен 787 спортшы қатысты. Бапкер ретінде, Украина, Англия, Бахрейн, Тәжікстан және Қазақстан командаларын үздіктер қатарына қосамын. Бірақ бұл чемпионат бәсекелестіктің әлдеқайда өскенін, Еуропа мен Азия құрлықтарының деңгейі жоғарылағанын көрсетті. Осыдан үш жыл бұрын тек 4-5 елдің спортшылары ешкімге дес бермейтін. Бұл чемпионат осы стереотиптің астаң-кестесін шығарды. Бізге де бір орында тоқтап қалмай, даму керек.
Осы орайда, ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынын өткізуге, команданы біріктіруге қадам жасалса екен. Қазір әркім әр жақта дайындалып жүр. Ал бірлескен жиындар өтсе, жігіттердің тактикалық, техникалық шеберліктері артаады, стратегиялық ерекшеліктер де қалыптасады. Қазақстан чемпионатынан соң ұлттық құраманы жасақтадық. Сол кезде құрамның 70 пайызы жаңарғанына көз жетті. Көптеген спортшының тәжірибесі аз, әлі жарыстарда шыңдалмаған. Десе де, осындай жағдаймен де нәтиже көрсетуге тырыстық», — дейді Баян Жанғазов.
ММА-ден өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2-орын иеленді.
Суретте: ММА-ден екі дүркін әлем чемпионы Ерұлан Қабдулов. Автор: Қазақстан ММА федерациясы.