Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері, Сидней Олимпиадасында 4 қазақ боксшысын финалға шығарған Тұрсынғали Еділов отандық бокстағы өзгерістерге қатысты ойын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Ұлттық құрамаға жаңадан келген бапкер Нұржан Насановты білемін. Өз жұмысын жақсы білетін жігіт. Тәжірибесі бар. Сондықтан, команданы алып кетеді деп ойлаймын.
Ал Қайрат Сәтжановты алып тастауына қатысты не айтуға болады? Адамгершілік тұрғыдан дұрыс емес. Бірақ бізде әділеттік бар ма? Жоқ. Олимпиададан 2 алтын, 2 күміс әкелген менің де басымнан өткен. Маған таңсық жағдай емес.
Бақыт Сәрсекбаевты жастар командасына әкелді. Енді екі жылдан соң, оны ұлттық құрамаға тартуы мүмкін. Олимпиададан кейін, әрине. Оның бапкерлік әлеуетіне қатысты ештеңе айта алмаймын. Десе де, Олимпиада чемпионы деген атағы бар», — деді Еділов.
Айта кетелік, 10 қаңтар күні бокстан ұлттық құраманың бас бапкері ауысты. Қайрат Сәтжановтың орнына Нұржан Насанов тағайындалды.
