Танымал спорт шолушысы әрі комментатор Есей Жеңісұлы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасындағы бас бапкердің ауысуына қатысты пікірін айтты. Журналистің пікірінше, Олимпиадаға екі жыл қалғанда бапкер ауыстыру ұлттық құрама үшін ауыр процесс болуы мүмкін, деп жазады Sportbugin.kz.
«Соңғы кездері біз боксқа спорт ретінде бұрынғыдан да қатты мән береміз. Себебі, біздің тура қасымызда сұмдық бәсекелестер пайда болды. Енді бір сәтке де босаңсымауға тура келетінін түсініп жатырмыз. Бәсекеге қабілетті болып қала беру үшін де бапкерлерге толық мүмкіндік беру керек еді.
Қайрат Сәтжановты неге алып тастағанын түсіну қиындау. Бірақ бір бапкерге бір цикл жұмыс істету керек еді, негізі. Келесі Олимпиадаға дейін әлі екі жыл уақыт бар. Алайда, Париж Олимпиадасынан кейін Сәтжанов нақты картинасын санасында жасап қойған еді. Жастар командасынан кімді тарту керек, Олимпиадада қай жігітке мүмкіндік беру керек деген сауалдарды бапкер реттеп қойғаны анық. Сондықтан, бұл жағдай қиындау.
Жаңа бапкер келеді, ол жаңа команда құруы мүмкін. Бұрын фаворит саналған боксшылар шеттеп қалуы мүмкін. Жаңа есімдер пайда болуы мүмкін. Мұның бәрі ауыр процесс болып, олимпиадаға дайындық мерзіміне тікелей әсер етпесіне кім кепіл?. Өйткені, Олимпиаданың төрт жылы бекер берілмейді. Алғашқы бір-екі жылда кез-келген олимпиадалық салмақтың үздіктері анықталып, әрі қарай нақты ойындарға дайындалуға мүмкіндік беріледі.
Елдің бәрі Олимпиаданы үш рет ұтып алатын Феликс Савон немесе Теофило Стивенсен емес қой. Сондықтан, бір бапкер бір циклді соңына дейін жеткізіп, егер нәтиже болмаса, ауысса болар еді. Парижден кейін бір күміске қанағаттанбай, Мырзағали Айтжановты ауыстырды ғой. Бірақ Қайрат Сәтжановқа үлкен мүмкіндіктер бермей отыр.
Сәтжанов денсаулығына байланысты кетті ме, әлде оны мәжбүрлеп кетірді ме? Оны қарапайым жанкүйер біле бермейді. Журналист деген біздің өзіміздің көзіміз көп нәрсеге жетпеді. Бірақ, бәрібір, бұл құрамада төңкеріс жасауға мәжбүрлейді. Қазір олимпиадалық салмақ 55 келіден басталады. Осы салмақтың өзінде бізде жақсы кандидаттар бар. Соңғы әлем чемпионаттарына екі боксшымыз барып, екеуі де чемпион болып келді. Әр салмақ бойынша үлкен сұрақтар тұр. Осылайша, жақсы басталып келе жатқан жолды жаңа бапкер жалғастырып кете ала ма?
Бұл оқиғадан қатты саясат немесе интрига күтпеймін. Себебі, қазақ боксшылары Токиода қоламен қалды демесеңіз, бірінші, екінші орыннан төмендеген жоқ. Содан соң, бізге құндылықтарды басқаша қою керек сияқты. Бокстан басқа спорт түрлеріне де көңіл бөлу керек. Мотивация беру үшін боксшыларға сырттан да, іштен де ақша беру дұрыс шығар. Бірақ жүзу, жеңіл атлетика сынды қазақтар көп бармайтын, басшысы көп ауысатын, ауыспаса да, көп іс тындырмайтын спорт түрлеріне қаржы көбірек берілуі тиіс. Өйткені, біздің спортшылар тек бокстан ғана емес, басқа спорт түрлерінен де алтын алуы керек», — деді Есей Жеңісұлы.
Еске салайық, Қазақстан бокс федерациясы бас бапкер Қайрат Сәтжановты қызметінен алып тастады. Сәтжанов Париж Олимпиадасынан кейін құраманы қолға алған еді.
