Отандық таеквондодан тағы шу шықты. Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат Жаңбыров жаңа жыл қарсаңында еш себепсіз жұмыстан қуылған. Нәтижелі еңбек етіп жүрген бапкердің неліктен босатылғанын Олимпиадаға даярлау орталығының басшысы Жандос Үшкемпіров те, таеквондо федерациясының вице-президенті Сұлтан Қасымов та түсіндіре алмай отыр, деп жазады Sportbugin.kz.
Нұрболат Наурызғалиұлы 2021 жылдан бері таеквондодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жаттықтырып келеді. 20 жылдық тәжірибесі бар маман бүгінге дейін шу көтеріп, журналистерден көмек сұрап көрмепті. Бірақ Қазақстан таеквондо федерациясы басшылығының әділетсіз шешімі салдарынан алты балалы әке жұмыссыз қалып отыр.
«Жұмыстан шығару үшін бір себеп болады ғой. Өкініштісі сол, мені жұмыстан неге кетіріп жатқанын басшылар түсіндіре алмады. Мен 4 жылға жуық уақыт таеквондодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жаттықтырдым. 2025 жылдың қарашасында Бахрейннің Манама қаласынд өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында менің шәкірттерім 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Бұрын-соңды құрлықтық кешенді ойындарда мұндай нәтиже болған емес.
Бахрейннен марқайып келген бізге: «Жұмыстан шығыңдар», — деді. Көмекшім Жалғас Бекқасымовты келісімшарты біткені үшін орнынан алып тастады. Тек хат жазып, ескерте салды. Мен Олимпиадаға даярлау орталығының басшысы Жандос Үшкемпіровке, федерация вице-президенті Сұлтан Қасымовқа бардым. Олар менің жұмыстан неге кетуім керектігін түсіндіре алған жоқ. Тек: «Шыға сал, шыға сал», — деп шығарып салды. Ең болмаса, басқа жұмыс тауып алғанша бір ай күте тұруын сұрадым. Бірақ оған да мұрша берген жоқ», — дейді Нұрболат.
Малайзияда өткен Азия чемпионатында Нұрболат Жаңбыровтың командасы 3 алтын, 1 күміс және 7 қола медальмен жалпы есепте үшінші орын иеленген. Алайда, басшыларды бұл жетістік те тоқтата алмапты.
«ОДО басшысы министрлікке кірем, сені қорғау шығуға тырысайын деген. Одан нәтиже болмады. Комитет басшысы Руслан Есеналин де жұмыс тауып беремін деп, уәде еткен. Бірақ уәдесі сол сөз күйінде қалды. Мені қынжылтатын бір нәрсе бар. 2026 жылдың аяғына қарай Сенегалдың Дакар қаласында жасөспірімдер Олимпиадасы өтеді. Шәкірттерімді сол додаға қатыстырып кетсем деген арманым болған. Қанша дегенмен, Олимпиадаға баруды әрбір бапкер аңсайды ғой. Бұл сөзіме құлақ асатын ешкім болмады. Тіпті, еш себепсіз жұмыстан шығарып, намысыма тиетін сөздер айтты», — дейді Жаңбыров.
Бір қызығы, Нұрболат Жаңбыров Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдырет Шәмиевті ойын-сауық орталығынан кездейсоқ көріп қалған.
«Федерация басшысын ойда жоқта көріп қалып, жағдайды түсіндіріп айттым. Ол орныма жаңа адамдар алатынын айтып, қысқа қайырды», — дейді бапкер.
Бүгінде Нұрболат Жаңбыровқа Біріккен Араб Әмірліктері және Тунис мемлекетінен шақырту түсіп жатыр. Алайда, ол қазақ балаларына қарсылас дайындағысы келмейтінін айтады.
«Шетелдік ұсыныстардан бас тарттым, бірақ елден де жұмыс табылмай жатыр. Алты балам бар, үлкені — студент, ең кішісі балабақшаға барады. Тура жаңа жыл қарсаңында жұмыссыз қалғаным жаныма батты. Федерация бір айлық өтемақы төлеген, әзірге, сонымен күн көріп жатырмыз. Бір себебін айтпай, қызметтен кетіре салғаны ауыр тиді. Әр басшы өз білгенін істесе, қаншама бапкердің күні не болмақ? Құрамада онсыз да ауызбіршілік жоқ еді», — дейді Нұрболат.
Нұрболат Наурызғалиұлы еңбек жолын Атырау облысында аға жаттықтырушы қызметінен бастаған.
