Спорт сарапшысы Қайсар Ахметұлы Ташкентте өтетін бокстан Әлем кубогының финалдық кезеңі және қазақ боксшыларының жүлдеге таласу мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz. сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Сарапшы турнирдегі ең қызықты ықтимал жекпе-жектердің бірі ретінде 90 келіге дейінгі салмақта отандасымыз Дәулет Төлемісов пен өзбекстандық Исроиловтың кездесуін атады..
«Маған 90 келіге дейінгі салмақта Дәулет Төлемісов пен өзбекстандық Исроиловтың ықтимал кездесуі қызық. Екеуі бұған дейін 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен. 2025 жылдың басында Төлемісов Әлем кубогінің финалында Исроиловты жеңген еді. Алайда кейін өзбек боксшысы әлем чемпионы атанып, IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында Дәулеттен есе қайтарды.
Қазір екеуі де 90 келіге дейінгі салмаққа ауысты. Жеребе сәтті түссе, екеуін де кем дегенде жартылай финалдан көреміз деп ойлаймын», — деді сарапшы.
Сондай-ақ Қайсар Ахметұлы Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсететін Аман Қонысбековті де ерекше атап өтті.
«Аман Қонысбеков — ол бұған дейін Өзбекстан атынан өнер көрсеткен. Сонымен қатар, 2026 жылғы Қазақстан чемпионатының финалына дейін жетті. Сондықтан Аман бұл турнирде өзін көрсетуге ерекше ынталы болады деп ойлаймын. Аман Қонысбеков, Сұлтан Айбарұлы, Фаррух Тоқтасынов және Дәулет Төлемісовтан жүлде күтуге болады», — деді.
