Еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді америкалық RAF лигасынан шақырту алды. Бұл туралы балуан Sportbugin.kz сайтына мәлімдеді.
«Қазіргі таңда мен АҚШ-та жаттығып жүрмін. Жақында Real American Freestyle (RAF) лигасын ұйымдастырушылар хабарласып, менен қажетті ақпараттарды алды. Алдағы екі-үш ай ішінде осы лига аясында жекпе-жек өткіземін», — деді Асылжан.
Real American Freestyle (RAF) — еркін күрестен 2025 жылы басталған кәсіби жоба. Бұл лигада еркін күрес балуандарынан бөлек, ММА өкілдері де бақ сынай алады.
Жақында екі дүркін Олимпиада чемпионы, алты дүркін әлем чемпионы Абдулрашид Садулаев аталған жобамен келісімшартқа отырды.
Айта кетелік, егер Асылжан Есенгелді осы жобада бақ сынайтын болса, кәсіби америкалық лигада белдескен алғашқы қазақ балуаны атанады.
