Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасына Данияр Қайсанов бас бапкер болуы мүмкін. Бұл туралы Sportbugin.kz сайтының сенімді дереккөзі хабарлады.
2025 жылдың аяғына қарай еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов қызметінен алынған еді.
Содан соң, бас бапкерлік қызметке кімдердің келетіні жайлы түрлі қауесет тарады.
Жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Аслан Байғұловтың да кандидатурасы қарастырылды.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері Данияр Қайсанов ұлттық құраманың тізгінін қолға алуы мүмкін. Ол 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола жүлде үшін күресте жеңіліп, бестікке енген.
Айта кетелік, Данияр Қайсанов 2025 жылдың желтоқсан айында өткен Қазақстан біріншілігінде бақ сынаған болатын.
Сондай-ақ, дереккөз мәліметінше, белгілі балуандар Жігер Закиров пен Нұрлан Бекжанов, сондай-ақ, Аслан Байғұлов бапкерлер штабына енуі мүмкін.
Әзірге, Қазақстан күрес федерациясы бас бапкерге қатысты ресми мәлімет берген жоқ.
