Астанада Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының паратаеквондоны дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе федерацияның паратаеквондо бағыты бойынша вице-президентін тағайындау болды.
Жиын Федерация президенті Кудрәт Шамиевтің төрағалығымен өтіп, оған мемлекеттік органдар мен спорт ұйымдарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, аталған комитеттің мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Марат Каскербаев, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиадалық комитетінің спорт менеджері Меруерт Тлебалды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дукетаев қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Әділетті Қазақстан – баршаға тең мүмкіндік». Осындай қағидаттар аясында өткен отырыс барысында паратаеквондо саласы бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, 2025 жылғы ұлттық құрама команданың нәтижелері сараланды. Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Олардың қатарында өңірлік желіні кеңейту, спортшыларды даярлау деңгейін арттыру, жаттықтырушылар құрамын нығайту, сондай-ақ спорттық жіктеу мен іріктеу жүйесін жетілдіру мәселелері бар.
Кадрлық өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Федерацияның паратаеквондо бойынша вице-президенті қызметін атқарған Руслан Ищанов аталған лауазымдағы жұмысын аяқтады. Федерация басшылығы оған Қазақстандағы паратаеквондоның қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі, халықаралық деңгейдегі позицияны нығайту және өңірлік мектептердің дамуына сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.
Жиын шешімімен Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының паратаеквондо бойынша жаңа вице-президенті болып Нұрасыл Джарбасов тағайындалды. Ол өз қызметі аясында елімізде паратаеквондоны одан әрі дамытуға, мемлекеттік және халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимылды күшейтуге, сондай-ақ қазақстандық спортшылардың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жауапты болады.
Өз сөзінде Кудрәт Шамиев паратаеквондо федерация қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Ол ұлттық құраманың нәтижелеріндегі оң динамиканы көрсетіп, алдағы жылдары бұл көрсеткіштердің тұрақты өсімі сақталатынына сенім білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясы паратаеквондоны жан-жақты қолдауды жалғастыратыны расталды. Бұл бағытта оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, халықаралық жарыстарға қатысу және өңірлерде инклюзивті спорттық ортаны дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.
Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметі
