Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов пен оның жұбайы Айжан Жүсіпова болған жанжалдан кейін татуласқандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ерлі-зайыптылар әлеуметтік желіде бірлескен видеоүндеу жариялап, болған жағдайдан қорытынды шығарғандарын және отбасын сақтап қалуға ортақ шешім қабылдағандарын айтты.
Өз кезегінде Айжан Жүсіпова құқық қорғау органдарына жазған арызын өз еркімен қайтарып алғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл шешімді ешкімнің қысымынсыз қабылдаған.
Сондай-ақ Жүсіповтер отбасы көпшіліктен өз таңдауларына құрметпен қарап, жеке өмірлеріне араласпауын сұрады.
Еске салайық, бұған дейін Теміртас Жүсіповтің жұбайына күш қолданды деген ақпарат тараған болатын. Кейін полиция аталған дерек бойынша тергеу амалдарының жалғасып жатқанын хабарлаған еді.
