Венгрияда күрес түрлерінен өтіп жатқан рейтингілік турнирде еркін күрестен бәсеке аяқталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстан балуандары жарысты екі алтын, бір күміс және төрт қола медальмен қорытындылады.
Алтын медальді Асыл Айтақын мен Едіге Қасымбек иеленді. Күміс жүлдеге Нұрқожа Қайпанов қол жеткізсе, қола медальді Нұрданат Айтанов, Мейрамбек Картбай, Әділет Әлмұхамедов және Начын Куулар жеңіп алды.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 148 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Грузия (104 ұпай), үшінші орынды Әзербайжан (87 ұпай) иеленді.
Айта кетейік, Будапешттегі рейтингілік турнирде әйелдер күресі мен грек-рим күресінен сайыстар жалғасып жатыр.
