Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Команда Лос-Анджелестегі әйгілі бапкер Фредди Роучқа тиесілі Wild Card Boxing Club залында дайындық жүргізуде.
Махмұд Сабырхан әлеуметтік желідегі парақшасында Мэнни Пакьяоның бапкері Фредди Роучпен түскен суретін жариялады.
«Аңыздың қасында тұрған сайын арман да асқақтай түседі. Фредди Роучтың қол астында дайындалған Мэнни Пакьяо әлем тарихында 8 салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ал мен… мен де өз жолымды енді бастап келемін.
Алла қаласа, Пакьяодай табандылық, еңбек пен жеңісті серік етіп, халқымыздың мақтанышына айналайық», — деп жазды боксшы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта бокстан ерлер және әйелдер құрамасы АҚШ-та оқу-жаттығу жиынында жүр. Команда алдағы халықаралық жарыстарға дайындықтарын пысықтауда.
