Қырғызстан құрамасының көк бөрі және көкпар ойыншысы Манас Ниязов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы дайындық туралы пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшының сөзінше, дүбірлі дода алдында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ұлттық құрамамен кездесіп, спортшыларға ел намысын абыроймен қорғауға тілектестік білдірген және тыныш ойын болсын деп жеткізген.
Сонымен қатар қырғыз спортшысы Қазақстан құрамасының дайындығына да жоғары баға берді. Оның сөзінше, Қазақстан құрамасы жарысқа өз аттарымен келіп, бәсекеге тыңғылықты әзірленген.
Манас Ниязов алдағы кездесулер тартысты әрі көрермен қызығушылығын тудыратын бәсеке болатынын айтты. Ол Қырғызстан құрамасының 6 қыркүйекте өтетін матчқа толық дайын екенін жеткізді.
